«WikiBilim» Қоғамдық қоры – қазақ тілін және интернетте қазақ тілінде ағартушылық мазмұнды арттыруды көздейтін коммерциялық емес ұйым.

Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мәдениет және білім беру саласындағы мазмұнды дамыту мақсатында құрылған, «Біз болмаса, кім, бүгін болмаса, қашан?» деген қағидаға сүйенген Қордың бүгінде жүзеге асырып жатқан бірнеше жобалары бар. Аталған жобалардың жеке өз міндеттері болғанымен, барлығы да негізгі мақсатқа қызмет етеді.

Миссиясы

«WikiBilim» Қоғамдық қоры коммерциялық емес ұйымдар, бизнес пен мемлекеттік органдар арасында серіктестік орнату негізінде қазақ тілін және қазақ тіліндегі интеллектуалды мазмұнды дамытуды мақсат ететін жобаларға қолдау көрсетеді.

Мақсаттары

  • Мемлекеттік тіл, білім беру, мәдениет және инновациялық технологияларды дамыту мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға қолдау көрсету;
  • ақпараттық технологияларды дамыту;
  • ағартушылық бағдарламаларды ұйымдастыру;
  • әлеуметтік маңызы бар және басқа да жобаларды жүзеге асыруға гранттар бөлу;
  • инфокоммуникациялық жүйені дамыту және жаңғырту;
  • қазақтілді контент пен интернет жүйесінің қазақстандық бөлігін дамыту;
  • білім беру саласында инфокоммуникацияларды дамыту; 
  • конкурс, мәдени және спорттық, әлеуметтік шараларды ұйымдастыру;
  • заңнамалық актілерді жетілдіруге қолдау көрсету.

 Қордың жобалары

  • Қазақша Википедиа;
  • Қазақстанның ашық кітапханасы;
  • Мектеп бағдарламасындағы қазақ әдебиеті пәнінің аудиохрестоматиясын дайындау;
  • Creative Commons лицензияларын насихаттау.

«WikiBilim» Қоғамдық қоры ерікті жастардың бастамасымен 2011 жылдың мамыр айында құрылған болатын. Алғашқы және негізгі жоспар ретінде алдына қазақ тіліндегі Википедианы дамыту жобасын жүзеге асыру  міндетін қойды. Осы мақсатта қор Википедианың иесі Викимедиа қорымен байланыс орнатуды жоспарлаған болатын.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ Басқарма Төрағасы Тимур Құлыбаевтың баспасөз мәслихатына жолдаған хаты

2011 жылдың 16 маусым күні Алматы қаласына Викимедиа қорының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Тинг Чен мырза келді. Осы күні арнайы баспасөз мәслихаты және семинар ұйымдастырылды. Аталған баспасөз маслихатына WikiBilim қорының құрылтайшысы және жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, Қазақ энциклопедиясы редакциясының басшысы Бауыржан Жақып, Қазконтент АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Владимир Тутыкин және Викимедиа қорының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Тинг Чен қатысты. Баспасөз мәслихатына қатысушыларға "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ  Басқарма Төрағасы Тимур Құлыбаев арнайы хат жолдап, "Қазақша Википедия" жобасына қолдау көрсететінін мәлімдеді.  

Қор басшысы Рауан Кенжеханұлы “Қазақша Википедиа” жобасының басталатындығын хабарлады.  Жобаның мақсаты Википедиа онлайн энциклопедиясындағы қазақ тіліндегі тарауын дамыту, қазақ тіліндегі мақалалар санын және сапасын арттыру, белсенді қолданушылар қатарын көбейту болатын.  Жобаның сандық межесі ретінде 200 000 мақала көрсеткіші бекітілді.

“Қазақша Википедиа” жобасына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Бас демеуші, Nokia компаниясы демеуші ретінде қолдау көрсетті.  «Қазақ энцикопедиясы» өз редакциясынан шыққан барлық энциклопедиялық материалдарды Википедиаға орналастыруға беретіндігін хабарлады. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бірінші курс студенттерінің жазғы оқу тәжірибесін Вики технологиялар мен Википедианы оқып үйренуге арнауына шешім шығарды. Студенттер Қазақ энциклопедиясы табыс еткен материалдарды Википедиаға орналастырумен қатар, веб-сайт жасауға арналған Вики технологиямен танысты.

2011 жылдың 4-7 тамыз күндері Израильдің Хайфа қаласында жыл сайынғы халықаралық Викиманиа конференциясы өтті. Викиманиа Викимедиа қорының және Вики технологияның негізінде жұмыс істейтін жобаларға арналады.  WikiBilim қорының өкілдері де конференцияға шақыру алды. Конференция аясында WikiBilim қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы Википедианың негізін қалаушы Джимми Уэйлспен кездесті. Кездесу барысында қазақ Википедиасының даму барысы талқыланды. 

Конференция қорытындысында Джимми Уэйлс “Википедиа әлемі” атты дәстүрлі баяндамасын жасап, Википедианың дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар мен ұйымдарға өз атынан сый тағайындайтынын хабарлады. 2011 жылы қазақ Википедиасына қосқан ерен үлесі үшін WikiBilim қоғамдық қорын марапаттап, қазақ Википедиасын «2011 жылдың үздік википедиасы» деп жеңімпаз ретінде жариялап, оның жетекшісіне “Ғаламдық Википедиашы” атағын және келер жылы аймақтық конференция ұйымдастыру үшін 5000 АҚШ доллары көлемінде грант тапсыратындығын айтты.

2011 жылдың қараша айында Қазақ Википедиасы 100 000 мақала межесін бағындырды. Осыған орай, арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, Википедияның жағдайы баян етілді. 100 000 мақала межесі бағындырылуына байланысты жобаның бас демеушісі "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры"  АҚ Басқарма Төрағасы Тимур Құлыбаев арнайы хат жолдап, Википедияшылар қауымдастығын қол жеткізген жетістіктермен құттықтады. 

2012 жылдың басында WikiBilim қоры халықаралық Creative Commons ұйымының Қазақстандағы өкілі және әріптесі ретінде қызметін бастады.

8 ақпан күні Ұлттық кітапханада ғылыми-зерттеу институттары, музейлер мен архив, жоғарғы оқу орындарының өкілдеріне арнап, авторлық құқық және еркін лицензиялар туралы, оларды қолданудың ерекшеліктері мен техникасы туралы дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

2012 жылдың 21-22 сәуір күндері қор Алматы қаласында Түркітілдес Википедиалар конференциясын өткізді. Конференцияға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзірбайжан, Башқұртастан және Саха елдерінен өкілдер қатысты. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Википедиашылармен қатар Қытай елінен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Арнайы қонақтар мен сарапшылар ретінде Google компаниясының Оңтүстік және Орталық Азия аймағындағы бизнесті дамыту менеджері Тлек Мамутов, Creative Commons Еуропалық бөлімшесінің бас менеджері Ионас Оберг, Викимедиа қорының өкілі Амир Ахарони, Германиядан Даниел Миетчен қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 200-ден асты.

Конференция әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия факультетінің ғимаратында өтті. Шараның техникалық әріптесі ретінде Билайн компаниясы қолдау көрсетті. Қонақтарды «Қазақстан» қонақүйі күтіп алды.

Конференцияның негізгі тақырыбы Википедианы дамыту мүмкіндіктері мен ерекшеліктеріне арналды. Википедиа сияқты феноменнің пайда болуына себепші болған Creative Commons лицензияларын қолдану және насихаттау ісіне де тоқталды.

2012 жылдың 12-15 шілде күндері АҚШ-тың астанасы Вашингтон қаласында Wikimania 2012 конференциясы өтті. Бұл жолғы конференция e-Дипломатия тақырыбына арналды. Конференцияға Қазақстан атынан WikiBilim қоғамдық қоры және Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігі қатысты. Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Ыдырысов Джимми Уэйлспен және әлем википедиашыларымен кездесті. Кездесу барысында Елші Джимми Уэйлсті Қазақстанға шақырды. Джимми Уэйлс бұл шақыруды қабыл алатындығын хабарлады.

2012 жылы 17 қыркүйек күні WikiBilim қоғамдық қоры және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетімен бірлесе отырып “Интернет желісінде қазақтілді мазмұнды дамыту және насихаттау” атты семинар-тренинг ұйымдастырды. Семинарға қазақ тілді интернеттің дамуына жауапты ұйымдармен қатар, өңірлерден Тілдерді дамыту басқармаларының өкілдері, ЖОО қызметкерлері мен оқытушылар, студенттер қатысты.

Семинар барысында WikiBilim қоғамдық қоры дайындаған «Қазақстанның ашық кіптапханасы» жобасының тұсаукесері өтті.  Қазақстанның ашық кітапханасында Creative Commons еркін лицензиясының негізінде өз шығармасын жариялауға келісім берген авторлардың еңбектері топтастырылған. Кітапханада  жиналған шығармалар саны 3000-нан асты. Шығармаларын жариялауға рұқсат берген авторлар мен олардың мұрагерлері ішінде Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбайұлы, Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев, Жұбан Молдағалиев, Зейін Шашкин бар. Олардың саны күннен күнге толығып келеді. Классиктермен қатар өз еңбектерін жоғары оқу орындардың оқытушылары мен жас ақын, жазушылар да бар.  Жоба тұрақты дамып келеді. Жақын болашақта кітаптар мен аудиокітаптарды оқуға және тыңдауға арналған қосымшалар дайындалып жатыр. 

Find us on:

Хабар алып тұрыңыз!

Қолдаушылар

Client Section