Әлемнің 282 тілінде жұмыс істейтін «Википедиа» энциклопедиясында 20 миллионға жуық мақала бар. Оның 3,8 миллионы ағылшын тілінде жазылған. Мақала саны миллиондық межеден асқан тағы үш тарау – неміс, француз және нидерланд тілдерінің үлесінде. Орыс тіліндегі мақалалардың саны 800 мыңнан асқан. Алайда энциклопедияның қазақ тілді бөлімінің дамуы бертінге дейін кенже қалып келді.

«Қазақша Википедиа» жобасы туралы

Қазақ Википедиасын дамыту қажеттігі көптен бері айтылып келген еді. 2011 жылдың басында байланыс және ақпарат министрлігі осы шаруаны қолға алу бастамасын көтерді, алайда «WikiBilim» қоғамдық қорының ұсынысы бойынша жобаны қоғамдық негізде іске асыру қажет деп ұйғарылды. Осындай үлгіде жоба 2011 жылдың маусымында басталды. Содан бергі аралықта Википедиа энциклопедиясының қазақ тілді тарауындағы мақалалар саны 10 есеге өсіп, 125 мыңнан асты. Қазақша мақалалар жазатын және өңдейтін ерікті редакторлар саны 4 адамнан 230 адамға дейін көбейді. Осының арқасында қазақ тілі Википедиадағы тілдер рейтингісінде 125-орыннан 33-орынға дейін көтеріліп, мақала саны 100 мыңнан асатын "жетік” деп танылған 40 тілдің қатарына кірді.

Бұл жетістіктер халықаралық вики-қауымдастық тарапынан жоғары баға алды. Тамыздың 4-і мен 7-сі аралығында Израильдің Хайфа қаласында өткен «Wikimania-2011» конференциясының қорытындысы бойынша Қазақстандық «WikiBilim» қоры «2011 жылдың ғаламдық википедиашысы» атағын иеленіп (Global Wikipedian of the Year), Википедианың негізін қалаушы Джимми Уейлстің (Jimmy Wales) арнайы грантын жеңіп алды.

«WikiBilim» қоғамдық қоры «Қазнетті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша AWARD.kz  интернет-жүлдесімен және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай мемлекеттік тілімізге шынайы жанашырлық танытып, нақты ісімен қазақ тілінің көркеюіне үлес қосқаны үшін» «Тіл жанашыры» Құрмет белгісімен марапатталды.

«WikiBilim» қоғамдық қоры мен Creative Commons ұйымы арасында өзара түсіністік және әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Мақалалардың тез көбеюіне "Қазақ энциклопедиясы” редакциясының көмегі зор болды. 100 мыңнан астам қазақ тілді мақалалардың жартысына жуығы "Қазақстан” ұлттық энциклопедиясынан алынды. Осы орайда жобаны ұйымдастырушылар мақалаларын Википедиаға салуға рұқсат еткен "Қазақ энциклопедиясы” баспасына зор алғысын білдіреді.

Сонымен қатар жобаға қолдау көрсеткен Байланыс және ақпарат министрлігі мен еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына алғыс айтамыз. Соның ішінде студенттері "Қазақша Википедиа” жобасына ерекше ықылас танытқан Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне ризашылығымызды білдіреміз.

Жобаны іске асыру туралы

Бүгінгі таңда «WikiBilim» Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы мен аймақтық және түрлі салалық энциклопедиялар «Википедиаға» орналастырылды.

Қағаз бетіндегі ауқымды материалды сандық форматқа түсіріп, қазақ тілінде жоқ мақалаларды өзге тілдерден аудару және Википедиаға салу жұмысы жалғасуда.

Үкімет басшысының тапсырмасымен Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет министрлігі, сондай-ақ облыс әкімдері «WikiBilim» жобаларына жан-жақты қолдау көрсете бастады. Атап айтқанда, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген туындыларды «Википедиа» энциклопедиясына және Қазақстанның ашық кітапханасына орналастыру үшін «WikiBilim» қорына тапсыру басталды.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның атынан жарияланған вики-бәйгеге 200-ден аса адам қатысуда. Оның шартына сай, Википедиаға қазақ тілінде 100 мақала салған алғашқы 100 адам ноутбук компьютерін иеленеді. Сонымен қатар ашық дауыс беру арқылы үздік деп танылған 40 мақаланың авторы мен ең белсенді 10 ерікті редактор "Nokia” компаниясы тарту еткен телефондарға ие болады.

Жобаның басында ұйымдастырушылар 2011 жылдың 16 желтоқсанына дейін қазақ тілді мақалалар санын 200 мыңға жеткізуге ниеттенгені мәлім. Техникалық тұрғыдан бұл міндеттің әбден қолжетімді екендігін айта отыра, жобаны ұйымдастырушылар бұдан былай сандық межелерді екінші кезекке шегіндіріп, сапаға ден қоюды ұйғарды. Яғни мақалалардың мазмұнын тереңдету және сапасын арттыру – бұдан арғы жұмыстың басым бағыты болмақ.

Жобаның мақсаты – «википедиашылардың» үлкен қауымдастығын құру арқылы энциклопедияның қазақша тарауындағы мақалалардың саны мен сапасын көтеру. Энциклопедияға мақала жазу мен оны өңдеу тілге жанашыр және білімге құштар адамдардың қолы қалт еткенде айналысатын интеллектуалдық хоббиіне айналса дейміз.

Жобаның Бас демеушісі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Т.Құлыбаев қазақ Википедиясындағы мақала санының 100 мыңнан асқанына орай жобаға қасытушыларға арнап хат жолдады. Хаттың мәтінімен 

Жобаның демеушісі «Nokia» компаниясының оңтүстік өңір және ТМД елдері бойынша бас менеджері Карел Голуб осы оқиғаға орай лебіз білдіріп, былай деді: «Тағы бір миллиард адамды интернетке қосу «Nokia» компаниясының стратегиялық мақсаттарының бірі. «WikiBilim» қоғамдық қоры атқарып жатқан жұмыстың нәтежелі болғанына қуаныштымыз және «Nokia» компаниясы интернеттегі сапалы қазақ тілді мазмұнды дамытуға көмектесіп жатқанын мақтаныш етеміз. Қазақ Википедиасындағы үздік мақала авторларына «Nokia»-ның қазақ тілінде жұмыс істейтін телефондары тарту етіледі. Бұл олардың игі істерін одан әрі жалғастыруға септік ететіне сенімдіміз». 

Wiki-бәйгенің жеңімпаздары

Жоғары айтылғандай, жүріп жатқан Wiki-бәйгенің алғашқы жеңімпаздары анықталды. Жүз мақала жазып үлгерген екі жеңімпазымыз бар. Олар: Жезқазған қаласының тұрғыны, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Қалиева және алматылық инженер Ұлан Мұқашев. Үздік мақала конкурсының жеңімпазы болып Нұрсұлтан Хаймульдин, Еркебұлан Кенжебек, Яков Федеров, Тұрсынай Шәметова, Болатбек Абдуқадыров және Ұлықбек Алиакбарұлы танылды. Бәйге жалғасуда.

 

 

Find us on:

Хабар алып тұрыңыз!

Қолдаушылар

Client Section