"Қазақша Википедиа жобасы"

Википедиа туралы 

Википедиа (Wikipedia) – бүгінгі интернеттегі ең маңызды веб сайтардың бірі. Бірақ әу баста оның басқа бір онлайн энциклопедия ретінде пайда болғанын көп адам біле бермейді. Бастапқы жобаның атауы Нупедия болатын. Ол да тегін, онлайн энциклопедия болу керек еді, бірақ мақала жазатын адам сол салада маманы болу міндетті және әр мақаланы мақұлдануы тиіс болған. Сондықтан да, бастама кең таралмай, тоқырап қалды.

Nupedia-ның құрылтайшысы Джимми Уэйлстің бастамасымен энциклопедияны жетілдірудің амалдары қарастырыла басталды. Соның нәтижесінде көп адамның бірлесе отырып мақала жазуына жол ашқан жаңа платформа – Вики пайда болды. Википедияның негізі қаланды. Бұл – көп мақаланы тез уақытта жазудың ең тиімді жолы болып шықты. Көп ұзамай-ақ, "Нупедиа” жобасы тоқтатылып, сахнаға "Википедия” шықты.

"Вики” технологиясының арқасында, бұл тек ашық және тегін ғана емес, кез-келген адам атсалысып, өңдей алатын энциклопедияға айналды. Тез арада ағылшыннан басқа тілдердегі тараулар ашылды. Қазір энциклопедия 271-ден аса тілде жұмыс істейді. Мұнан соң "Вики қайнар”, "Вики Жаңалықтар”, "Вики сөздік” секілді еншілес жобалар да пайда болды. Википедияның қарқынды өсуіне орай 2003 жылы оның жұмысын үйлестіретін "Wikipedia Foundation" қоры құрылды. Қазір ай сайын "Википедияға” 400 миллион адам кіреді. Яғни, "Википедия” саусақпен ғана санарлық өте танымал сайттардың қатарында тұр.

2011 жылдың қаңтарында Википедия өзінің 10 жылдығын атап өтті. Он жылда энциклопедия дүниедегі ең танымал веб сайттардың санатына кіріп, ғаламдық қозғалысқа айналды. Ал Викимедиа Қоры оның қызметін үйлестіретін орталық болып шықты.

Википедияны жасайтын кім?

Сауалнамаға сәйкес, Википедияны өңдеп дамытуға қатысатын адамдардың басым бөлігі ғылыми дәрежесі бар адамдар. Энциклопедиаға бір мақала салу қиын емес. Әйтсе де, оның дамуына белсенді атсалысу, Википедияшы болу – оңай деуге келмейді. Қауымдастықтың жұмысын ретейтін ережелер мен талаптар, көмекші құралдар мен әдістемелер, түрлі топтардың ішінара бастап дамытатын жобалары көп-ақ.Осы күнге дейін энциклопедияаны редакциялауға 1 миллион 200 мыңнан астам адам қатысқан. 2010 жылы, барлық тілдердегі тарауларды қоса есептегенде, Википедиаға 11 миллионнан астам толықтыру мен түзету енгізілген.

Сайттан іздеп табуға болатын мазмұн түгелдей ерікті жанкүйерлер мен жанашырлардың қолынан шыққан. "Викимедиа Фаундэйшн” қоры мазмұнды реттеп, редакциялауға араласпайды. Оның жұмысы – энциклопедия қызметін техникалық жағынан қамтамасыз ету және дүниежүзіне тарату. Сол үшін әлемнің түкпір-түкпірінен ақпарат сақтайтын орталықтар құрылып, сайттардың жылдам жұмысына барынша жағдай жасалады. Әріресе, дамушы аймақтарда құрылған жаңа тілдік бөлімдерді ілгерлетуге ерекше назар аударылады.

Энциклопедия – қоғамдық ұйым ретінде тек қайырымдылық көмекке иек артады. Ол көмек ара-тұра корпорациялар мен кәсіпорындардан, бірақ басым бөлігі миллиондаған жанашыр адамдардан келеді.

Қоғамдық бастаманың осындай нәтижеге қол жеткізуі – шынында да таңғаларлық. Бірақ, Википедия дегеніне жетті деуге әлі ерте. Ондағы мақалалардың жақсысы аз емес, бірақ көңіл толтырмайтын беттер де көп. Соның ішінде қазақ тіліндегі тараудың жағдайы өте мүшкіл.

Оны жақсарту – жаңа міндет. Мақалалардың санын ғана көбейтіп қою, әсте мұрат емес.  Мақсат – энциклопедияны сапалы ету, сол арқылы білімнің беделін өсіру, тілді заманмен одақтас ету. Ол үшін мақалалардың саны мол, мазмұны терең болуы шарт.

Википедиядай адамзаттың білімін, барлық тілде бір жерге жинаған құбылыс өмірде болмаған. Сондықтан да оның келешегі зор. Википедия – адамзат білімінің сарайы болса, оның қабырғасында қазақшаның кетігі бар. Соның орнын бірлесіп толтырайық.

 

«Қазақша Википедия» жобасы туралы

Жобаның негізгі мақсаты «википедияшылардың» қауымдастығын құру арқылы энциклопедияның қазақ бөліміндегі мақалалардың саны мен сапасын тез арада көтеру. Энциклопедияға мақала жазу мен оны өңдеу – тіл мен білімге жанашырлардың қолы қалт еткенде айналысатын интеллектуалдық хоббиінеайналса дейміз. Бұл – интернетті игеруге енді кіріскендердің «онлайн» сауаттылығын көтеруге де септік етуі тиіс. Мұның барлығы да қысқа мерзімге жоспарланған міндеттер.

Жоба бастамашыларының ұзақ мерзімді, түпкі мақсаты – мемлекеттік тілдің дамуы мен оның әлеуметтік ролін арттыру. Қай халықтың да тілі мен мәдениетінің дамуы ақпарат тарату технологияларының дамуымен тығыз байланысты екені аян. Осы орайда, қазақ тілінің келешегі де ақпараттық дәуір көлденең тартқан жаңалықтарға, «кітап мәдениетінен» «экран мәдениетіне» өтумен ерекшеленетін мәдени «төңкеріске» икемделе алуына байланысты. Ол үшін мемлекеттік тілдегі заман талабына сай, жан-жақты контенттің (мазмұнның) бар болуы айрықша маңызды. Сондықтан да, «Қазақша Википедия» жобасы тілдің «сандық өміршеңдігін» нығайтуға септігін тигізуі тиіс жаңашыл бастама.

Қазақ тілінде жан-жақты энциклопедиялық контентті (бұрыннан қағаз бетінде бар немесе басқа тілден аударылған) жасап, «Википедияға» салу – осы жобаның негізгі міндеті. Мемлекеттік тілдегі энциклопедиялық білім қорының көбейуі, тілдің күнделікті қолданыс аясының кеңейуіне жағдай жасап, оның қоғам өміріндегі ролінің артуына ықпал етеді.

Сонымен бірге, «Қазақша Википедия» жобасы Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға зор үлес қоспақ.

Жобаны Қазақстан аумағында тарату үшін «Wikipedia» және «Wikimedia» сауда белгілерін қолдануға ресми рұқсаты бар. «Wikimedia Foundation Inc.» (АҚШ) қоры Википедия энциклопедиясының авторы және иесі болып табылады.

Жобаға қатысушалар
· Жобаның бас демеушісі –«Самұрұқ-Қазына» ҰӘҚ АҚ;
· Демеушісі –«Nokia» компаниясы;
· Жобаны іске асырушы – «Wikibilim» қоғамдық қоры;
· серіктестер –Қазақстан Республикасының Байланыс және Ақпарт министрлігі,
·«Қазақ Энциклопедиясы» ЖШС,
·«Қазконтент» АҚ
·Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті.

 

Find us on:

Хабар алып тұрыңыз!

Қолдаушылар

Client Section