Қазақ тілінің әмбебап сөздігі
Cөздік

ОЛ ОҚАСҚА ҰҚСАМАЙТЫН!.. Жазушы Дидахмет Әшімханұлы туралы бір үзік сыр

Күнде, күнара кездесетінбіз. Баспалар үйінде бір қабатта, көршілес есіктерде отырдық. Дәліздің бойынан төбеміз көріне салысымен-ақ, «Жұлдыз, қал қалай?» – деп жылы жымиып келе жататын. «Жақсы, өзіңіз қалайсыз?» –дейміз. «Жақсы, жақсы», – дейді тағы да жымиып. Көрінбей кетсек, кабинетіміздің есігін қағып, өзі келіп тұратын. Соңғы шыққан мақалаларымызға пікір айтатын. Тұлғалар туралы жазсақ, сол кісілер туралы өзінің білгенін айтатын. Кейде біздің пікірімізді басқа арнаға бұру үшін емес, жалпы біліп жүруіміз үшін ұзақ-ұзақ сыр шертетін. Ол кісімен өткізген жарты сағат тура мағынасында «жаманның өтіп кеткен өміріндей» еді. Енді, міне, Дидағаң – Дидахмет Әшімханұлы да ортамызда жоқ. 

Дидахмет аға Қазақстанның ашық кітапханасына алғашқылардың бірі болып қолдау білдірді. Жазған-сызғанын түгелдей дерлік қолымызға тапсырып, алғашқы күннен-ақ келісімшартқа қол қойып берген еді. Бірде «Сары самаурынның» көп оқылған шығармалар қатарында екенін айтқанымызда, жас балаша қуанған. Өткен жылы болса керек, «Ақ желкеннің» «Ізінен аңыз ерген» айдарына Ғабит Мүсірепов туралы жаздым. Арада бірнеше күн өткенде кабинетке Дидағаң өзі іздеп келді. «Жақсы жазыпсың» деп алды да, мақаламның «плюстары» мен «минустарын» жіпке тізіп берді. Өзінің Ғабеңмен кездесуін, жазушының өмірінің соңғы жылдарындағы жай-күйін әңгімеледі. «Қап, мақаланы жазбай тұрып сізбен бір сөйлесіп алсам болған екен», – дедім өкініп. Тағы бірде кабинетке келгенінде Астанаға барып келгенімді, Төлен Әбдікпен сұхбаттасып қайтқанымды айттым. 

–Төлен Әбдіктің «Қыз Бәтіш пен Ерсейіті» классика ғой, шіркін!» – деді Дидаға. «Тозақ оттары жымыңдайдыны» айтты. Әңгімелерінен бірсыпыра мысал келтірді. – Бірақ, «Парасат майданын» мен аса қабылдай алмадым. Өте ауыр оқылады. 

–Бірақ, соңғы жылдары көп ауызға іліккен шығарма ғой. Сыншылар да көп айтты. Төлен ағаның өзі де, қателеспесем, шоқтығы биік шығармам деп есептейді. Әрі, осы «Парасат майданын» үлкен дайындықпен жазған. Көп жыл ішінде пісіріп, бір сәтте қағазға түсіріпті. Мемлекеттік сыйлық та осы «Парасат майданына» берілмеді ме? – деп мен өз уәжімді айттым. 

–Дұрыс қой, дегенмен, оқылуы ауыр. Оның үстіне, алдында «Оң қолды» жазғаннан кейін мұнда сол элементті қайталау бар, – деді Дидаға. 

Сол арада есіме Дидахмет ағаның Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдығында сөйлеген сөзі түсе кетті. Сөзбе-сөз келтіре алмаспын, бірақ, сол кездесуде жазушы мінбеде тұрып, Соқпақбаевтың бақытты жазушы екенін айтқан еді. «Бердібек ағаның Қожасын кім білмейді? Басқа қайсымыздың Қожа сияқты кейіпкеріміз бар?» – деген. Соны есіне қайта бір сала келіп: «Аға, Қазақстанның ашық кітапханасына өзіңізбен бір сұхбат жасайықшы», – дедім. Сұхбат беруге аса бейілді емес жазушы елпілдей қойған жоқ. «Осы әңгімелерді сонда жалғастырайықшы, аға», – деп қиылған ек, сөзімізді жерге тастамады: «Жақсы, бір реті келгенде». Сосын ол сұхбатымыз ерекше болсын деген оймен қазақ әдебиетіндегі кейіпкерлер галереясын жасамақ болдық. Кімнің қандай кейіпкері бар, қай кейіпкер өміршең, соны айтсақ дедік. Дидағаң келісті. 


–Қанша уақыт болады? – деп сұрады тағы бірде. 

b2ap3_thumbnail_20150525-112736.jpg

–Шамамен бір сағаттай. 

–Бір сағат деген көптеу ғой. 

–Онда жарты сағат, – дедім мен де ағамыз айнып қалмасын деп. Ондағы ойым, бір шешіліп алса, уақыт күте тұрар дедім. 

«Ертең» дедік, ертесі реті келмеді. «Келесі апта» дедік, тағы да орайы келмеді. Сөйтіп жүргенде Дидағаң науқастанып қалды. Операция жасатты. Жұмысқа келмейтін болды. Ұлы Дәулеттен амандығын сұрап қоятынбыз, «жақсы» деп жүретін. Тағы бір операция жасатқалы жатқанынан хабардар едік. Аман-есен аяққа тұрып алсын, сұхбат ешқайда қашпас дедік. 

Өткен аптада ғана, осыдан төрт-бес күн бұрын ертеңгілік жұмысқа келсем, есік алдында Дидағаңның көлігі тұр екен. «Ооо, ағамыз шыққан екен» деп қуанып кеттім. Кабинеттерінің есігі де ашық екен, ішке үңіле қарап едім, ағамызды көре алмадым. Бірақ, сол күні көзін таңып алып, осында жүргенін біраз адам көрген екен. «Әншейін, көзімнің бірдеңесін сылдырып тастадым, бәрі жақсы» депті. Сөйткен ағамыздан дәл осылай, қапыда айырылып қаламыз деп кім ойлапты?! 

 

***    

Шындықтан сөз бұзылмайды, мектеп бітіріп, Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түскенге дейін Дидахмет Әшімханұлы деген жазушы бар екенін өз басым білген жоқпын. Оқуға түсе сала да біле қоюым неғайбыл еді. Өйткені, біз тіл, әдебиет жағында емес, журналистикада оқыдық. Бірақ, Дидағаңның атын алғашқы күндері-ақ естідік. Онда да, «Дидахмет Әшімханұлының інісі ғой» деген әңгіме жетті. Сөйтсек, курстасымыз, группаласамыз Азамат Әшімханұлының ағасы белгілі жазушы екен. b2ap3_thumbnail_IMG_8167.jpg

2000 жылы оқу бітірдік. Сол жылы күздің кезінде курстасым, белгілі журналист Мұхтар Сеңгірбай келіп, «Түркістан» газетіне бір топ жастарды жұмысқа қабылдағалы жатқанын айтты. Газеттің бас редакторы Шәмшидин Паттеев бес-алты жас журналисті бір күнде, әлі есімде, 2000 жылдың 1 желтоқсанына жұмысқа алды. Студент кезімізден атын білетін жазушымыз осында істейді екен. Мен таныған 15 жылда Дидахмет ағамыз сол бір қалпынан танған жоқ. Ал соңғы жылдары тіптен жақын тартып кеттік. Жастарға үнемі қамқор болып жүретініне куәміз. Жас жазушы Қанат Әбілқайырды ерекше жақсы көрді. Үнемі тілеулес, тілектес болып жүрді. Жастардың жазған, жылт еткен дүниесі болса, соған пікір білдіріп, қанаттандырып отыратын. Өмірде бір ұл, бір қыздың ғана әкесі болғанымен, Дидахмет аға талай ұл-қыздың рухани әкесі болды. Жас журналист, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Жадыра Нармахановаға да әкесіндей қамқор еді. Жалпы, әр салада өзінің тазалықшылары болады ғой. Дидахмет аға да өз саласының дәрігері, өз саласының тазалықшысы болатын. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін, кімнің оң, кімнің теріс сөйлейтінін айтып отыратын. Ондайда бұра тарту деген болмайтын. Бұрын, «Жас Алашта» жүргенде жазушылар туралы бірдеңе білгіміз келсе, белгілі әдебиет сыншысы, журналист Әмірхан Меңдекеге жүгіріп баратынбыз. «Ол қандай жазушы? Қандай ақын? Қандай мықты шығармалары бар?..» дегендей сауалдарды Әмірхан ағаға әлі де қоямыз. Ағамыздың жауаптары да мірдің оғындай, бір-бір ауыз сөзбен-ақ бағасын бере қояды. Дидағаң да сондай болатын. Қай жазушы туралы сұрасақ та, шығармаларын талдап тұрып айтып беретін еді. Амал қайсы?..

***   

Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ сияқты Дидахмет ағаның да Алтай дегенде шығарда жаны бөлек еді. Ол кісінің музасы Катон болатын. «Бір таныстарым Өскемен жаққа барғысы келеді, Бұқтырманы, Марқакөлді көргісі келеді. Пойызбен барған дұрыс па, қай маршрут ыңғайлы?» – деп сұрағам былтыр. Дидағаң аузының суы құрып, біздің де сілекейімізді шұбыртып, Алтай туралы әңгімелеп кетті. «Алтайдың әдемілігін көру үшін көлікпен бару керек. Жолда тоқтап, демалып баруға болады», – деген. Аңсары Алтайға ауып тұратын жазушы туған топырағына жуырда ғана барып қайтқан болатын. Иә, иә, операциядан кейін. Сайлаудың алдында... Асығыс барып, асығыс қайтса да, мауқы басылып қалды-ау деп отырмыз енді. Сүйегінің де Алматыда, бала-шағасының жанында емес, Алтайда жерленуін аманаттаған екен. Туған топырақтан тамырым үзілмесін дегені шығар. 

Әдебиеттің айналасында жүргендер жақсы біледі, Дидахмет аға біраз жыл жазбай кетті. Журналистиканың айналасында жүрді. Ал соңғы жылдары бірінен кейін бірін, бірнеше дүние жазды. Солардың ішіндегі шоқтығы биігі – «Ақшоқы». Міне, кейіпкері – құр сүлдері қалған Оқас өлімін күтіп жатыр. Құдайдан «жанымды қинамай алса екен» деп тілеп жатыр Оқас. Өзегін өкініш өртеп жатыр: «Қайтадан шалқалай жатып, көзін жұм¬ды. Ештеңе ойламауға тырысты. Бірақ сана сарайын қанша жерден бекітіп алдым десе де, сұғанақ ойлар әйтеуір бір тұстан саңылау тауып кіріп кетеді. Кіріп кетеді де, бүкіл өткен өмірін тағы да шақшадай басынан шыр айналдырып көшіре бастайды. Құдды қайта-қайта көрсете беретін әлдебір көне фильм секілді. Сол «көне фильмдегі» көп көріністердің ішінен Оқас неғұрлым көңілді бірдеме көргісі келеді. Кейде оны да көреді. Сондай сәттерде жабыққан жаны сәл де болса жадырап, қазіргі жайын бір сәтке болсын ұмытып, кәдімгі сау адам сияқты өмір сүріп жатқандай күй кешеді. Алайда, бұл да ұзаққа бармайды, жаңағы қызылды-жасылды, шуақты-нұрлы суреттер әлдебір сағыныш сезімдерін оятып, оның соңы өзекті өртер өкінішке айналып шыға келеді. Өкініш! Оқастың бір байқағаны – барлық мұң-наланың ішіндегі ең ауыры осы өкініш екен. Қазір де бұның жанын қинап жатқан сол өкініш. «Әттең-ай! – дейді іштей аһ ұрып. – Сол жолы Дүйсенмен бірге елге кетіп қалсам ғой, дәл мынадай күйге түсер ме едім». Амал не, боқ дүние жетті ақыры түбіне».  

Он бес жылдық ғұмыры Алматыда өткен Оқас морфи салдырып, денесінің құрыс-тырысы жазылғандай болған қас-қағым сәтте де оның ойына Алтай түсе береді. Көңілін ауламақ болған қызы да: «Осыдан жазылсаң, мәшинеге отырып, «Алтай, қайдасың?» деп тайып отырамыз», – деп қояды. «...морфи салғаннан кейін... он минуттай өткенде... барлық сезім мүшесі бірінен соң бірі оянып, бір кездерде көрген, сезген, естігендерін жадында қайта жаңғыртып, бүгінде көзінен бұлбұл ұшқан қайран күндерін қаз-қалпында алдына тоса береді. Оқастың сондағы алдымен көретіні – тағы да баяғы Ақшоқы... Маңайындағы барлық шоқылы-шыңды, шоқтықты таулардан еңсесі биік Ақшоқы... Он жеті жасында артында қимай-қимай қол бұлғап қалған Ақшоқы. Кейін... ылғи да ауылын сағынып келе жатқанда күншілік жерден көзіне оттай басылатын Ақшоқы. Енді міне, маһшар алдында жатып та аңсағаны – сол Ақшоқы. Ал аңсап жатып, қиялдап жатып Ақшоқыны көрсе-ақ қарадай шөлдеп, таңдайы қаңсып сала береді. Шөлдеген кезде... сол Ақшоқының бауырында, желкілдеген қалың шөптің арасында, жыландай иретіліп, жылап ағып жататын Маралдыбұлақтың сылдыр-сылдырына дейін ап-анық естір еді... Сылдыр-сылдыр ағыстан салқын леп еседі. Салқын леппен ілесіп я балықтың, я балшықтың иісі білінеді. Оқас балықтың да, балшықтың да күлімсі иісін бала жастан ұнатпаушы еді, енді соның өзін шөліркей аңсап, сарғая сағынып жатыр. «Шіркін-ай! – дейді кебірсіген ернін жалай түсіп. – Бір ғажайыптың күшімен қазір Ақшоқының төбесінен топ ете түсіп, Маралдыбұлақтың қайрақ тасты жағасына жата қалып, шөлім қанғанша ішер ме едім, сұп-суық мөлдір суынан. Сосын өліп кетсем, арман не?! Бірақ оған жету қайда енді. Дүйсен бала айтқандай, жер киесі атты ғой, қу тіршілік жетті ғой менің түбіме...».

b2ap3_thumbnail_2.jpg

Шығарманың соңы былай аяқталады: 

«– Д-дүйс-сен... хабарлас-с-ты ма? – деді.

– Ой, сен білмеуші ме едің. Ол үш күн бұрын ауылға шұғыл жиналып, кетіп қалды ғой, – деді әйелі әдеттегідей сампылдай сөйлеп.

Оқасты төбеден біреу тоқпақпен былш еткізгендей болды. Көзі қарауытып кетті. Әлі де сөйлеп жүрген әйелінің даусы еміс-еміс естіледі.

– Кетердегі сөзіне қарағанда... шекараны екі жақ қайта бөлген дей ме... Сонда Ақшоқы орыстар жағына қарап кеткен бе...

Екінші соққы шүйдеден тиді. Гүрзімен ұрды аямай. Құлақ түбі шыңылдап, есі ауып бара жатқанын сезді. Түпсіз тұңғиыққа өзімен бір сөз кетіп бара жатты. Соңғы сөз. «Ақшоқы орыстар жағына қарап...».

Жанарында жалғыз суреттің сұлбасы қалды. Ақшоқының суреті. Соңғы сурет...»

Міне, жүрегі Алтай деп соққан жазушы да мәңгіге дамыл тапты. Оның жанарындағы соңғы сурет те Алтай болғаны күмәнсіз. Бірақ, ол кейіпкері Оқасқа ұқсамайтын. Ол Алтайға жылда баратын... 

Жатқан жеріңіз жаннаттың төрі болғай, Дидаға!..

 

Әңгімелескен Жұлдыз Әбділда
0

Пікірлер

  • Ешқандай пікір қалдырылған жоқ. Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдырыңыз

Қонақ Бейсенбі, 21 Қыркүйек 2017