Қазақ тілінің әмбебап сөздігі
Cөздік

Сәуле Жанпейісова, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРДІ ДӘРІПТЕЙТІН ЕРЕКШЕ КОНКУРС-ФЕСТИВАЛЬ ӨТКІЗБЕКПІН

   Дәстүрлі өнердің жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісованың жетекшілігімен ашылған «Аманат» өнер орталығына биыл бір жыл толды. Осыған орай «AMANAT music» Халықаралық конкурс-фестивалін өткізгелі жатыр. Орталықтың жұмысы мен алда болатын конкурс-фестиваль жайлы Сәуле Стаханшылқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.  

 Сәуле апай, сұхбаттарыңыздың бірінде өнер мектебін ашу арманыңыз болғанын айтқан екенсіз. Бұл арман сіздің көкірегіңізге қашан ұялады, неден туды: өнер жолында көрген қандай да бір кемшіліктердің орнын толтырсам деген ойдан ба, әлде бүгінде тарихи картинаға айналып бара жатқан ұлттық өнерімізді жаңғырту ниетінен бе? Жалпы орталықтың құрылуымен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтсеңіз.

– Мен бала күнімнен әнші болуды армандадым, ол арманыма жеттім. Одан кейін әнші ғана емес, ұстаз болғым да келді.  Кейіннен мектептерде, орта оқу орындарында, жоғары оқу орындарында қызмет жасадым, Алла тағала бұл арманыма да жеткізді. Жүре берсең, көре бересің демекші, өмірде  түрлі жағдайлар орын алады екен, барлығы біз ойлағандай керемет болмайтыны анық. Жас кезімде өнер жолы қиын дегенге келіспейтінмін. Себебі маған  әнді үйрену, айту еш қиындық туғызбайтын. Естіген әндерімді лезде қағып алып, орындап шығатынмын. Уақыт өте өнердің бір орында тұрмай, үнемі дамуы керектігін түсіндім. Өткен мен бүгінді сабақтастырып,  бабаларымыздан қалған жауһар мұрамызды ертеңге саф күйінде жеткізу  –  біздің міндетіміз. 

 

b2ap3_thumbnail_14622445571_26dc1e551c_h.jpgКешегі Кеңес дәуірінде,  баршамызға мәлім, түрлі жағдайлар болды. Әсіресе ұлттық құндылықтарымызды, өнерімізді дәріптеуге келгенде көп қағажу көрдік. Мысалы,  мен 1983 жылы эстрада-цирк колледжі, бүгінгі Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне оқуға түстім. Ол кезеңде жолда, қоғамдық орындарда домбыра ұстап жүрсек, өзге ұлт өкілдері басқаша көзқараспен қарайтын. Домбыра ескінің қалдығындай көрінетін олар үшін. Яғни ұлттық өнерімізді насихаттауға еркіндік берілмеді.  Сонымен қатар, қаншама  мұраларымыз жоғалып барып, ел тәуелсіздігінің арқасында қайта жаңғырды. Бұл сол дәуірдің  бізге жасаған қиянаты еді. Дегенмен ол кездің өзінде өнердің ауыртпалығын сезінген жоқпын. Гастрольдік сапарларға шығып, өнерімізді көрсетіп жүрдік. Кейін 1995 жылы шығармашылығымның 10 жылдығы қарсаңында концерт беруді жоспарладым. Алғашқы жеке кешімді өткізетін орын іздедім. Алматыдағы  концерттер  өтіп жүрген залдардың барлығы да белгілі бір шығармашылық ұйымдарға тиесілі екен. Іздестіре келе, алғашқы концертімді «Ғалымдар үйінде» өткіздім. Бізге, өнер адамдарына, өз өнерімізді халыққа жиі-жиі ұсыну қажет  болады. Келесі концерттерімді өткізерде де дәл осындай қиындықтар алдымнан шығатын еді. Сонда неге елімізде дәстүрлі өнер иелерінің өз шаңырағы жоқ деген ой келді. Бұл сауалымды біраз мемлекеттік мекеме басшыларына да жолдадым. Мәселеміз шешіле қоймады. «Баяғы жартас – бір жартас» демекші 2005 жылы кезекті концертіме ғимарат іздестіре келе,  Абай атындағы Опера және балет театры залына тоқтадым. Алайда бұл жолғы кедергілер алдыңғысынан да асып түсті. Әсіресе дәстүрлі әншілерді бір саты төмен бағалаушылық,  опера сахнасына шығуға лайықсыз санау, осындай көзқарастағы түрлі сөздер жаныма қатты батты, намысымды қайрады.  Осыдан кейін дәстүрлі өнер иелеріне жеке орда керек  деген ойымды жүзеге асыруға шындап кірісе бастадым. Басшыларға тілегімізді жеткізіп, жай өтініш емес, шын қажеттілік екенін айттық. Былтыр көптен күткен тілегіміз орындалып, Алматы қаласы әкімінің бастамасымен  «Алатау өнер театры» ашылды. Дәстүрлі өнерімізді насихаттау, жандандыру мақсатында театр ішінен «Аманат» өнер орталығы құрылды. Болашақ үшін жасалатын ең игілікті іс – ұрпақ тәрбиелеу екені анық.  Ұлы халқымыздың қасиеттерінен қол үзіп қалмауымыз қажет. Барлығы біздің мәдениеміз бен ұлттық өнеріміз арқылы меңгерілетін дүние. Сол үшін де ұлттық өнерімізді ұрпақ бойында қалыптастыру, дамыту жолында жұмыс жасайтын осы өнер орталығы іске кірісті. Сан ғасырлар бойы ата салтымызды, дәстүрлі өнерімізді жоғалтпай бүгінге жеткізіп, төл өнеріміздің даңғыл жолын салып кеткен ата-бабамыздың, кешегі ұстаздарымыздың аманатын келесі ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз екенін сезіндік, сол үшін еңбек етуге бекіндік. Сондықтан да «Аманат» деп атадық. «Аманат» деген қасиетті ұғым, «аманатқа қиянат жасама» деген сөз бар. Қазіргі таңда орталығымызда жауапкершіліктерін терең сезінген, өнерге адал жандар халық санасында дәстүрлі өнерге деген дұрыс көзқарасты жаңғырту жолында еңбек етіп жатыр.  Астана және Алматы қалаларында ашылған  «Аманат» өнер орталығына биыл 1 жыл толды.  Осы уақыт ішінде бірқатар жұмыстар жасалды, болашаққа құрған жоспарымыз айқын, атқарар ісіміз де көп. «Әр қазақ – менің жалғызым» деп ақын ағамыз айтқандай орталығымызға талаптанып келген әр балаға жеке тұлға деп қараймыз. Біз үшін бала тума талант, өнерлі болса да, керісінше жағдайда да ең маңыздысы – үйренуге деген ынтасы мен талабы. Ал олардың өнерге деген қызығушылығы мен өз дәстүріне деген сүйіспеншілігін ояту, меңгерту – біздің ұжымның мақсаты, міндеті. Осы істі жүзеге асыруда  шәкірттерім  жұмыс жасауда. Қарап отырсам, көптен ойымда болған арманыма, мақсатымды іске асыруға дайындығымды ертеректен бастаған екенмін. Шаңырағымыз көтерілгенде шәкірттерім бір-бір уық сынды қасымнан табыла қалды.

 

– Орталыққа келіп тәлім алушылар қатары қандай, өзіңіз күткендей болды ма, домбырасын көтерген талапты жастар каншалықты көп?

b2ap3_thumbnail_IMG_8878.JPG– Халық ағылып келуде деп айта алмаймын. Бірақ жоқ та емес. Алғашқы 2-3 айда мүлдем аз болды. Себебі орталығымыз қала сыртында, халық жаңадан қоныстанып жатқан Алғабас ықшам ауданында орналасқан. Екіншіден, халықтың дәстүрлі өнерге деген көзқарасы енді-енді өзгеріп келеді. Былтыр орталықтың жұмыстарын таныстыру үшін осы аудандардағы бірнеше мектепке бардым. Алайда халқымыздың  рухани санасының жаңғыруына тағы да біраз уақыт керек екеніне және ол үшін көп жұмыс жасау қажеттігіне көз жеткіздім. Үшінші себеп – «Аманат» өнер орталығы туралы әлі көпшіліктің білмейтіндігі. Біраз уақыт 2-3 оқушымен ғана жұмыс жасаған ұстаздарымыз  болды. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші бүгінде 50-ден астам оқушы домбыра, жетіген т.б. аспаптарда ойнауды, дәстүрлі ән, жыр, терме айтуды үйреніп жатыр. «Аманат» өнер орталығына келем деушілерге ешқандай шектеу қойылмайды. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей бойында атаның қанымен, ананың сүтімен келген дарыны бар, бірақ басқа салада жүрсе де өнерін шыңдаймын деген жандарға көмектессек деген ниетіміз бар. Ал қазірше «Аманаттан» тәлім алып жатқан тек мектеп оқушылары.  

– Ата-аналар өз баларының өнерін көріп қуанып жатқан болар. 

– Әрине, әр екі ай сайын балалардан емтихан қабылдаймыз, академиялық концерт деп аталады. Оқушылар екі айдың ішінде  2-3 шығарманы үйреніп, бізге көрсетулері керек. Ата-аналар да қатысып, балаларының аз уақытта меңгерген өнерін тамашалайды. Балалардың өнерге деген ынтасын, домбыраға деген махаббатын, қызығушылығын көргенде екі жақ та ерекше риза боламыз. Оқушылардың ықыласы мен ата-аналардың алғысы бұдан да жақсы көрсеткіштерге жетуге, жұмыс жасауға шабыттандырады. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын айтқандай, әрбір қазақ домбыраны шерте білуі керек деп есептейміз, өз мүмкіндіктерімізді осы жолда жұмсасақ дейміз.

– Қандай әдіспен үйретесіздер, бүгінде музыканы оқытудың бірнеше жолы бар ғой? 

b2ap3_thumbnail_IMG_8879.JPG– Сұрағыңызды түсіндім, сіз «сандық жүйедегі нотаны» нұсқап отырсыз ғой. Ертеде бабаларымыз есте сақтау қабілеттерінің соншалық мықты болғандығының арқасында естіген не көрген дүниелерін бірден меңгеріп алған. Таңды таңға жалғап айтатын «Қырымның қырық батыры» сынды жырларымыз бүгінге сол қасиеті арқылы жеткен. Жазуды меңгергеннен кейін де кітап не жазба тек ұмытып қалғанда қарайтын құрал деп саналған.  «Қазақ сөзге тоқтаған халық» деуіміздің астарында да осы қасиеті жатыр. Бүгінде осы асыл қасиетімізден ажырап барамыз. Неге десеңіз, бүгін айтқан сөзді ертең мойындамайтын хәлге жеттік. Сол үшін де бәрін хаттап, дәлелдеп жүреміз. Бүгінде балалардың жаттау, есте сақтау қабілеттері тым әлсіреп кеткен. Алдымызға келген оқушылардың басым бөлігі тіпті бір өлеңді де жатқа айтып бере алмай жатады. Абай, Ыбырай аталарымыздың бар қазаққа мәлім өлеңдерін сұрасаң да ұмытып қалдық дейді. Ананы сұрап, мынаны сұрап, соңында «Айналайын-ау, әнұранды айтшы!» деймін. Оны біледі,  тәубе дейміз. Біз өз шәкірттерімізді нотамен оқытамыз. Нота әлемдік дүние, оны білгеннің артықтығы жоқ. Ұмытқанда, шатасқанда нотаға қарап дұрысын анықтайсыз. Адам болған соң барлық дүниені есте сақтау мүмкін емес, әрине.  Мысалы, студент кезімде естіп үйренген әндерімді үнемі жазып жүрдім. Соның арқасында үйренген өлеңдерімді ұмытпадым, жазбама қарап әндерді қайталап тұрамын. Қайталау – білім анасы. Нотадан  кез келген уақытта  қайталай аласыз. Сондықтан да балаларға музыканы нотамен үйреткен дұрыс деп есептеймін. Жоғарыда айтқан «сандық жүйедегі нота» бойынша Жұмагелді Нәжімеденов ағамыздың көп еңбектенгенін білемін. Бірақ, шынын айтсам, ешқашан мән беріп, қызығушылық танытпаппын. Ал ән, жыр, термелерді балалар  жаттау арқылы үйренеді. Қазақтың құймақұлақтық қасиеті  керемет нәрсе ғой, шәкірттеріміз бойындағы осы қасиетті барынша дамытуға тырысамыз. 

– Қазір халықтың ұлттық өнерге деген көзқарасы қандай? Насихатталуы қай деңгейде?

b2ap3_thumbnail_IMG_8877.JPG– Елдің ұлттық өнерге деген көзқарасы жақсы, жастардың да қызығушылығы артып келеді. Бұл жолда дәстүрлі өнерпаздардың қосқан үлесі зор. Себебі насихатталуы жақсы, ел арасына кеңінен дәріптелуде. Адам жақсыға, әдеміге қызығады емес пе?! Сахнаға әдемі болып шығып, әуелете ән салған, шарықтатып күй тартқан өнерпазға қарап халықтың дәстүрлі өнерге деген махаббаты оянады, көзқарасы қалыптасады. Түрлі  концерттер, фестивальдер өткізіліп те жатыр. Барша қазақстандықтарға жол тартатын телевизиялық конкурстар, арнайы бағдарламалар да түсірілуде. Өнерге қатысты барлық шараларға шақырту алып, тікелей қатыспасам да жаңалықтармен танысып отырамын.  Ұлттық өнеріміздің насихатталуына үлес қосып, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының қолдауымен 1-4 қараша аралығында «AMANAT music» Халықаралық конкурс-фестивалін өткізгелі отырмыз. Бұл ел ішіндегі  тума таланттарға, шын дарындарға үлкен сахнаға жолдама беретін маңызды шара болады деп күтеміз.  

– «AMANAT music» Халықаралық конкурс-фестивалі туралы кеңірек айтып берсеңіз, шарттары қандай?

– Байқаудың басты мақсаты  –  конкурсанттардың байқау барысында өзара достық қарым-қатынас орнатуына жол ашу. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін өнерпаздар бір-бірімен танысып, өнерлерімен бөліссе дейміз. Сондай-ақ, осы байқау арқылы талантты жастарға шығармашылық қолдау көрсетсек, дарындардың даралығын насихаттап, олардың шығармашылық бағыттарын дәріптесек деген де мақсатымыз бар. Конкурс-фестиваль төрт номинация: дәстүрлі ән, жыр-терме яғни ұлттық аспаптың сүйемелімен жеке орындау; халық аспаптарында жеке күй орындау; жеке орындауда эстрадалық вокал; 15 адамға дейінгі құрамдағы халықтық ансамбльдер  бойынша өтетін болады. Байқауға шет ел және республикамыздың барлық облыстарының, Астана мен Алматы қалаларының өнерпаздары қатыса алады.  

– Конкурсанттардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойыла ма? Әлде барлық жастағы үміткерлер қатыса ала ма?

– Шектеу бар. Сайысқа 5 жастан 25 жасқа дейінгі үміткерлер қатыса алады. Қатысушылар жас шамасына қарай 5-7 жас, 8-12 жас, 13-17 жас және 18-25 жас аралығында төрт топқа топтастырылады. Себебі әр жастың өзіндік үні, бояуы, шама-шарқы, жасына қарай орындалатын шығармалары болады. Мүмкіндігінше осындай ерекшеліктерді ашып көрсететін фестиваль түріндегі конкурс болса дейміз. Сол себептен де конкурс-фестиваль деп көрсетудеміз.

– Өнердегі ініңіз Берік Жүсіпов бір жазбасында: «Жақында мен де жыршылар арасында республика деңгейінде үлкен сайыс ұйымдастырсам ба деп жүрмін, егер төрайым болуға лайық билеу өнерінен атақ-абыройдың барлығын алып болған бір кәрі биші тапсам!» деп қазіргі болып  жатқан сайыстардың қазылығына сын айтып еді. «AMANAT music» конкурс-фестивалі мұндай сынға ұшырамайтын болар?!

b2ap3_thumbnail_20171012-050002.jpg– Жоқ, бұл конкурста ондай олқылықтарға жол берілмейді. Қазылар алқасының құрамы мәдениет және өнер қайраткерлерінен, кәсіби мамандардан түзіледі. Байқау болған соң жеңіс те, жеңіліс те болады. Бірақ бастысы әрбір қатысушы сабақ алып, кемшін жағы мен басым тұсын анықтап, үлкен толғаныспен қайтса екен дейміз. Дәстүрлі өнерімізге қатысты даулы сұрақтар да бар. Ән тарихы, шығармалардың өзге авторға телініп кетуі сынды көптеген мәселелердің анық-қанығын білетін кәсіби мамандар төрелік ететін болады. Осындай мәселелер туындап, қазылық соңы үлкен дауға ұласқан кездер де болған.  Қазылар алқасының білместігінен болған бір жайды айтып берейін. Жамбыл облысында оқушылар арасында әншілік өнерден конкурс болады. Байқау шарты бойынша қатысушылар бірінші кезеңде тек халық әнін орындауы керек екен. «Япурай» әнін орындамақ болған бір балаға қазылар алқасында отырған шәкірттеріміздің бірі: «Бұл ән халық әні емес, Мағжан Жұмабаевтың әні,» – деп орындатпай қояды. Оқушының жетекшісі қарсы шығып, ұстазы Бекен Жылысбаевтан халық әні деп үйренгенін, қазының қателесіп тұрғанын айтып шағымданады. Қазылықта отырған әнші де ұстаздары Қайрат Байбосынов пен Бекболат Тілеухановтардан Мағжанның әні деп үйрендім дейді де пікірінен қайтпайды. Соңы үлкен дауға, айқайға ұласып, білім басқармасының басшысы анық-қанығын консерваториядан білуді тапсырады. Сонымен Оқушылар сарайының директоры маған хабарласып, «осындай жағдай болды, дұрысын анықтап берсеңіз» деп сұранды. Мен бұл халық әні екенін А.В. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» деген еңбегін көрсетіп тұрып дәлелдеп бердім. Осы әнге қатысты тағы бір жайды айтайын.  Жақында өткен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының концертінде әннің  атын «Иә, Пірім-ай!» деп айтып, орындап шықтым. Артынан көпшілік «Бұл «Япурай» ғой, қалай «Иә, Пірім-ай!» болып кетті» деп әлеуметтік желілерде талқыға салып, маған кінә тағып жатты. Мен жауап қайтарып жатпадым. Тек таңғалдым, кезінде орыстандыру саясаты салдарынан «Япурай» болып кеткен сөздің шындығында «Иә, Пірім-ай!» екенін аңғаруға соншалықты білім қажет пе, қазақта «япурай» деген сөз бар ма, болса мағынасы қандай деп ойландым. Ал «Иә, Пірім-ай!» дегенді көктен алған жоқпын, күні бүгінге дейін әжелеріміз, апаларымыз «Иә, Пірім, сақтай гөр!» деп сыйынып келді. Ал бұл ән осы атаумен А.В. Затаевичтің жинағында бір емес, екі жерде кездеседі. Міне, кәсіби білім мен біліктіліктің осалдығынан туатын осындай кемшіліктерді болдырмау үшін «AMANAT music» конкурс-фестивалінде  осы саланың майталмандары қазылық етеді.  Ал қазылар алқасының құрамы туралы толық ақпарат әзірге құпия сақталады. 

– Байқауға қатысуға тілек білдіріп жатқандар көп пе? Өтініштер қашанға дейін қабылданады?

– Конкурсқа қатысуға тілек білдіріп жатқандар көп. Бір қызығы байқау 1-ші рет ұйымдастырылып жатқандықтан Республика көлемінде өткізсек деген едік. Алайда, конкурс жайлы естіген бірқатар шет мемлекеттегі өнерпаздар қатысуға тілек білдіргендіктен Халықаралық дәрежеде өткізуге бел байладық. Қазірдің өзінде Қырғызстан, Қытай Халық Республикасы мен Венгрия мемлекеттерінен өтінімдер келіп түсті. Өзбекстан мен Ресейден де қатыссақ деп тілек білдіріп жатқандар бар. Еліміздің әр өңірінен қатысуға тілек білдірген хаттар келіп жатыр. Байқауда Астана және Алматы қалаларындағы «Аманат» өнер-студиясының шәкірттері де бақ сынасатын болады.  Өтініштер байқауға 10 күн қалғанша қабылданады. Конкурс-фестивальдің арнайы шарттары мен ережелері бар,  қатысам деушілер толық ақпаратты   www.amanat-musik.kz/konkurs сайтынан ала алады. 

– Істеріңізге сәттілік тілейміз! Әңгімеңізге рақмет!

 

 

0

Пікірлер

  • Ешқандай пікір қалдырылған жоқ. Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдырыңыз

Қонақ Дүйсенбі, 11 Желтоқсан 2017